«Қауіпсіз қала»: «Жастар Рухы» белсенділері қаланы қауіпсіз етуге қолғабыс етті
«Қауіпсіз қала» акциясы – мемлекет стратегиясының бір бөлігі

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қала аумағында түнгі рейд жұмыстарын жүргізді. «Қауіпсіз қала» ауқымды акциясы еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қауіпсіз қала» акциясы – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған мемлекет стратегиясының бір бөлігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заң үстемдігі мен тәртіптің басымдыққа ие екенін бірнеше рет атап өтті.
«Жастар Рухы» белсенділерінің айтуынша, рейд жұмыстары жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға көмектеседі. Бұл – кәмелетке толмағандардың алкоголдік ішімдік тұтынуы, түнгі төбелестер немесе вандализм сияқты заң бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған іс-шара. Акция жасөспірімдердің құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ ата-аналарға балаларын заңға құрметпен қарауға тәрбиелеуге дәріптейді.
Тағы бір маңызды міндет – қалалық ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жарықтандырылған көшелер, жабық кәріз жүйелері мен таза аулалар қылмыскерлер мен бұзақыларға еркін әрекет етуге мүмкіндік бермейді. Жоғарыда айтылғандардың арқасында акция бірден бірнеше бағытта жұмыс істейді: қоғамдық тәртіпті тікелей бақылайды және құқықбұзушылықтың алдын алады.
«Заң мен тәртіп үстемдігі – қауіпсіз болашақтың негізі. Бұл жай ғана сөз емес, әрбір азаматтың өміріне әсер ететін қағидалар. Егер біз жас ұрпақты қауіпсіз және сау ортада көргіміз келсе, әрбіріміз өзімізден бастауымыз керек және басқаларды да соған шақыру қажет. Қоғам мен мемлекеттің бірлескен күшімен ғана жастарды қауіпті жағдайлардан қорғап, құқықтық мәдениеті жоғары қоғам құра аламыз. Әрбір рейд нәтижесінде жергілікті мемлекеттік органдарға арнайы ұсыныстар жолданады», – деп атап өтті «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова.
Акцияның басты мақсаты жасөспірімдерді жазалау емес, оларды қауіпті әрекеттерден қорғау. Белсенділердің пікірінше, заң бұзудың салдарын жасөспірімге алдын ала түсіндірген әлдеқайда тиімді, өйткені қайғылы оқиға болғаннан кейін әрекет ету кеш болуы мүмкін. Осы себепті рейд кезінде түсіндіру жұмыстарына баса назар аударылады. Осындай іс-шаралар барысында белсенділер құқықтық сауаттылықты өздері де үйренеді, өзгелерге де үйретеді.
Жыл басынан бері ел аумағында ондаған рейд өткізілді. Нәтижесінде 100-ден астам құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Кешкі және түнгі уақытта басты назар түнгі және компьютерлік клубтар, түрлі көңіл көтеру орындарына аударылады.
Павлодарда белсенділер полиция қызметкерлерімен бірге қаладағы компьютерлік клубтарға рейд жүргізді. Рейд барысында жасөспірімдерге қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлерге кәмелетке толмағандардың 22:00-ден кейін клубта болуына тыйым салынғаны ескертілді.
Ал Ақтөбеде компьютерлік клубтардың бірінде 5-сынып оқушысы 18 жастағы ағасымен бірге отырғаны анықталды. Заң бойынша кәмелетке толмағандар түнгі уақытта тек ата-анасы немесе ресми қамқоршысының қарауында үйден тыс бола алады. Нәтижесінде ата-аналарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды, ал клуб иесі жауапқа тартылды.
Күндізгі рейд жұмыстары көпқабатты уйдің аулаларында, саябақтар мен қала көшелерінде жалғасты. Белсенділер күндізгі уақытта қаланың қаншалықты қауіпсіз екенін тексерді. Сондай-ақ аулалардағы жарықтандыру деңгейі, ашық жатқан люктер мен сынған әйнектердің бар-жоғы, балалар алаңдарындағы қауіпсіздік жағдайы тексерілді. Жұмыс нәтижесінде анықталған жарық жоқ, қараңғы орындар мен ашық жатқан люктер коммуналдық қызметтер орталығына дереу хабарланды.
Астанада «Жастар Рухы» белсенділері полиция департаментімен бірлесіп, жасырын сатып алушы әдісімен тәжірибе жүргізді. Кәмелетке толмаған жігіт жасырын камерамен темекі және алкоголдік ішімдік сатып алуға тырысты. Бірқатар дүкендерде оған құжат сұрамай, тауарды сатқан. Кейбір орындарда вейптер мен насыбайды ашық саудалаған. Жауапсыз сатушылар мен дүкен иелеріне профилактикалық жұмыстар жүргізілді, ал кейбіреулері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өскеменде «Жастар Рухы» еріктілері полиция қызметкерлерімен бірге кафе мен мейрамханаларды аралады. Тексеру барысында заң бұзушылық анықталған жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоғамдық тамақтану орындарының басшылары өз беделін жоғары бағалайды, сондықтан күмәнді жағдайларда келушілерден әрдайым құжат талап етеді.
Мұндай рейд жұмыстарына тек еріктілер мен полиция қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар әкімдік өкілдері, мәслихат депутаттары мен қоғам тіршілігіне бейжай қарамайтын жергілікті тұрғындар қатыса алады.
Кейбір жағдайларда белсенділер тек құқықбұзушыларды анықтап қана қоймай, қарапайым азаматтарға да көмек көрсетеді. Мәселен, бірнеше ай бұрын Жамбыл облысының Қордай ауданында өткен рейд кезінде еріктілер түнде қар құрсауында қалған жүргізушілер тобын құтқарып, оларға ыстық шай таратты. Бұндай жағдайлар ТЖМ ауа райының қолайсыздығына байланысты елді мекендерден шығуға болмайтынын алдын ала ескертседе, жолға шығатын жүргізушілердің жауапсыздығынан болған.
Акцияның қоғамға әсері де маңызды. Ата-аналар қалаларда осындай рейдтер өткізілетінін білгендіктен, балаларын кешкі серуенге алаңсыз жібере алатынын айтады. Тексеріс кезінде ұсталған жасөспірімдер өз әрекеттерінің салдары туралы ойланбағанын мойындап, үлкен өмірлік сабақ алады. Ал шағын елді мекендерде жастар патрулінің белсенділігі айтулы оқиғаға айналды: тұрғындар еріктілерге алғыстарын білдіріп, кейбірі келесі рейдке қосылуға ниет танытты.
Заң мен тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Бұндай акциялар жаңа қоғамдық мәдениет қалыптасуға өзіндік үлесін қосады.
«Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері ата-аналарды сақтық шараларын күшейтуге, балаларын қараусыз қалдырмауға және олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақыратынын атап өткен жөн. Сондай-ақ «Қауіпсіз қала» акциясы жыл бойы жалғасатынын еске салады.