Оқиға былтыр қараша айының соңында болған
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жуалы ауданына қарасты Берікқара шатқалындағы демалыс аймағында болған кісі өлтіру оқиғасына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды, себебі қылмыс Алматының бұрынғы прокуроры, қазіргі Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Әскери департаментінің басшысы Ғабит Миразовтың ағасы Ерғали Миразовқа тиесілі аумақта болған.
Ресми деректерге сүйенсек, демалыс аймағының қызметкері мен марқұм Сергей Никкел арасында ауызша жанжал туындаған. Жанжал барысында айыпталушы мас күйінде бірнеше рет пышақ сұғып, Сергей Никкел сол жерде көз жұмған.
Іс қысқа мерзім ішінде қаралды. Прокурор сотталушыны 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Марқұмның туыстары ең ауыр жаза тағайындауды талап етіп, 10 миллион теңге моральдық және 1 миллион теңге материалдық шығын өндіруді сұрады.
Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, өкінетінін білдірді.
«Сот қылмысты мас күйінде жасауды ауырлататын, ал өкінуін және кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Азаматтық талап ішінара қанағаттандырылып, сотталушы жәбірленуші тарапқа 8 миллион теңге моральдық және 1 миллион теңге материалдық шығын төлеуге міндеттелді», – деп хабарлады Жамбыл облыстық соты.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
HALYQSTAN тілшісінің мәліметінше, сотталушы үкімге шағым түсірмек, алайда оның нақты қандай шешіммен келіспейтіні белгісіз.
Марқұм Сергей Никкелдің артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды.