Атырау облысында жаңа мәдениет үйі ашылды

Автор: Асыл Арман

Мәдениет үйінің құрылысы 2 мердігер мекеменің жауапсыздығы салдарынан аяқталмай қалған

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Атырау облысының Махамбет ауданына қарасты Сарытоғай ауылында 200 орынға арналған мәдениет үйі салтанатты түрде ашылды. Аталмыш нысан – ауыл тұрғындары үшін мәдени және рухани даму орталығы болмақ. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев, «AMANAT» партиясы Махамбет аудандық филиалының атқарушы хатшысы Руслан Әженов, мекеме басшылары, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.

Бүгінге дейін ауыл тұрғындары Кеңес Одағы кезінде тұрғызылып, тозығы жеткен ескі клубта бас қосатын. Осыдан 8 жыл бұрын басталған жаңа мәдениет үйінің құрылысы 2 мердігер мекеменің жауапсыздығы салдарынан аяқталмай қалған болатын.

Бұл мәселе «AMANAT» партиясы Махамбет аудандық филиалының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасына енгізілгеннен кейін шешімін тапты.

Партияның Атырау облыстық филиалының қолдауымен, жергілікті мәслихат депутаттары, фракция мүшелері, партиялық бақылау комитетінің зерделеу жұмыстары, сондай-ақ Мәжіліс депутаттарының тұрақты бақылау нәтижесінде үшінші мердігер компания «ГрандМастер» ЖШС жұмысты толық аяқтап, нысанды ел игілігіне тапсырды.

Онда 200 орындық көрме залы, заманауи аудио-видео жүйелерімен жабдықталған кәсіби сахна, мәдени шараларға қажетті техникалық мүмкіндіктің бәрі бар.

«Бұл мәдениет үйінің ашылуы – Сарытоғай ауылының тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Жастардың шығармашылықпен айналысуына, түрлі мәдени шаралардың өткізілуіне енді толық мүмкіндік бар. Бұл – тек бір ғимараттың іске қосылуы емес, ауылдың мәдени өрлеуінің жаңа кезеңі», - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.

Нысанның салтанатты ашылуында ауыл ардагерлері Ләтипа Жолдасова мен Уәли Жұмабаев лентаны қиып, «ГрандМастер» ЖШС өкілі мәдениет үйінің кілтін Сарытоғай ауылдық мәдениет үйінің басшысы Рысқали Жұмабаевқа табыстады.

Сарытоғай ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәли Рахымжанов ауыл халқының атынан «AMANAT» партиясына, жергілікті билік өкілдеріне және барлық жауапты тұлғаларға алғыс білдіріп, көп жылдан бері аяқталмай келген нысанның халық игілігіне берілгеніне ризашылығын жеткізді.

Жиын барысында ауыл тұрғындары жаңа мәдениет үйінің ішкі жабдықталуымен танысып, шығармашылық ұжымдардың дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.

Бүгінде Махамбет ауданында 11 мәдениет үйі, бір ауылдық клуб және 12 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде. Былтыр 500-ден астам мәдени іс-шара өтті. Сонымен қатар ауданда 1300 жас дарын 80 шақты үйірмеге қатысып, өз қабілеттерін шыңдауда.