Қазақстан ашық тергеуді қолдайды – Абаев Ақтаудағы ұшақ апаты туралы

Автор: Дәулет Ботагөз

Тергеуге Әзербайжан, Ресей және Бразилия өкілдері қатысып жатыр

Фото: ТЖМ

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Даурен Абаев Қазақстан Ақтаудағы Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшақ апатын ашық және әділ тергеуді қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy РИА Новости деректеріне сілтеме жасап.

Дипломаттың айтуынша, тергеу Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандарттарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл процеске Әзербайжан, Ресей және Бразилияның уәкілетті өкілдері тартылған.

«Бізде жасыратын ештеңе жоқ. Біз объективті, ашық және транспарентті тергеуді қолдаймыз», – деп атап өтті Абаев.

Елші Қазақстанның Көлік министрлігі жариялаған есептің алдын ала қорытынды екенін және кінәлілерді анықтауға арналмағанын мәлімдеді. Оған сәйкес, тергеудің түпкілікті қорытындысы 2025 жылдың желтоқсанында жариялануы мүмкін.