Оларға құтқарушылар көмекке келді
Ұлытау облысында төрт бала пәтерде қамалып қалып, құтқарушылар көмекке келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Сәтбаев қаласындағы Шәкәрім көшесінде болған. 4 пен 9 жас аралығындағы төрт бала үй ішінде жалғыз қалып қойған.
«Анасы үйіне келгенде, есіктің құлпы істен шығып, ішке кіре алмай қалған. Балаларын өздігінен шығара алмаған соң, құтқарушылардан көмек сұрады», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Құтқарушылар үш буынды баспалдақты терезеге орнатып, үшінші қабатқа көтеріліп, үйге кіріп, іштен есікті ашқан.
Оқиға кезінде балалар ешқандай жарақат алмаған. Құтқарушылар тұрғындарға үйдің есік-терезесін, құлыптарын жиі тексеріп тұруды және балаларды қараусыз қалдырмауды ескертті.