Анасы баламен қашып, ішіп кеткен: Екібастұзда 5 айлық нәресте әкесіне қайтарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Тергеу барысында әйелдің бұған дейін 14 жастағы ұлын тәрбиелеу құқығынан айырылғаны анықталды

Фото: © istockphoto.com

Көкшетау тұрғыны Павлодар облысының полиция қызметкерлеріне 5 айлық қызын тауып, құтқарғаны үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, майор Динара Қалықоваға Көкшетау тұрғынынан шұғыл қоңырау түскен. Ол қарындасының баласымен бірге Солнечный ауылына келіп, ішімдікке салынып кеткенін айтқан.

Полиция қызметкерлері әйелді таныстарымен бірге спирттік ішімдік ішіп отырған жерінен тапты. Бөлме антисанитариялық жағдайда болған, ал сәби төсекте жалғыз жатқан.

«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бала Екібастұз ауруханасына жеткізілді. Ювеналды полиция қызметкері тексеру жұмыстарын бастап, болған жағдайды Көкшетаудағы әкесіне хабарлады. Тергеу барысында әйелдің бұған дейін 14 жасар ұлын тәрбиелеу құқығынан айырылғаны анықталды. Қазіргі уақытта жасөспірім туыстарының қамқорлығында. Бала тәрбиесінен шеттетілген соң, әйел қайта тұрмысқа шығып, қызын дүниеге әкелген. Алайда, зиянды әдеттерден бас тартпаған», – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті.

Төтенше жағдайларды қарау жөніндегі комиссия шұғыл жиын өткізіп, баланы әкесіне беру және анасын ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарастыру туралы шешім қабылдады.

Әкесі Алмас Есмағанбетов полиция қызметкері Динара Қалықоваға жедел әрекеті үшін алғысын білдіріп, қызының енді қауіпсіз жерде екенін айтты.