Жалпы, 2,5 мыңнан астам өтініш тіркелді
Өткен аптада еліміз бойынша «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 500-ге жуық қабылдау өткізіліп, 1200-ден астам азаматтың өтініші қаралды. Жалпы, 2,5 мыңнан астам өтініш тіркелді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ең өзекті мәселелердің қатарында – баспана мәселесі, су тасқыны салдарын жою, азық-түлік бағасының қымбаттауы, инфрақұрылымды жақсарту және басқа да маңызды тақырыптар болды.
Азаматтарды қабылдауды премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өткізді. Алматы қаласындағы «Мәдениет» тұрғын үй кешенінің тұрғындары әкімдіктің кепілдік мерзімінде анықталған құрылыс ақауларын жоюдағы әрекетсіздігіне шағымданды. Қанат Бозымбаев жауапты органдарға тексеру жүргізіп, құрылыс компаниясына қатысты шара қабылдауды тапсырды.
Петропавл қаласының Заречный ауылындағы тұрғындар вице-премьерге өздерінің қиын жағдайын жеткізді. Өткен жылғы су тасқынынан кейін олардың бау-бақша серіктестігінде орналасқан жалғыз үйлері тұруға жарамсыз деп танылған. 2025 жылғы су тасқынына дайындық аясында Петропавл әкімдігі ауыл тұрғындарын толық көшіру туралы шешім қабылдады, алайда бұл бағдарламаға саяжайлар кірмейді. Қанат Бозымбаев бұл мәселенің жүйелі сипатқа ие екенін атап өтіп, әкімдікке заң аясында көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар азаматтарды премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин де қабылдады. «Темекісіз Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Жәмилә Садықова никотин өнімдері мен қант қосылған сусындарға салынатын акциздерді көтеруді ұсынды. Оның пікірінше, бұл зиянды өнімдерді тұтынуды азайтып қана қоймай, бюджетке түсетін кірісті де арттырады. Серік Жұманғарин бұл мәселенің қарастырылып жатқанын және Үкіметтің никотин өнімдерін реттеу бойынша халықаралық тәжірибені зерттеп жатқанын айтты.
Астана тұрғыны жалпыәскери тағам мөлшерін қайта қарау мәселесін көтерді. Оның пікірінше, нормалар нарықтық бағалар мен инфляция деңгейін ескеруге тиіс. Вице-премьер Қорғаныс министрлігіне ұсынысты қарастырып, жаңартылған есептеулерді ұсынуды тапсырды.
Қарағанды облысының тұрғыны ауыл шаруашылығын қолдау мәселесін қозғап, шаруа қожалығын кеңейту үшін субсидия мен несие алуға көмектесуді сұрады. Серік Жұманғарин мемлекет аграрлық секторға жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті. Нақты айтқанда, «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5% жеңілдетілген несие алуға болады. Ол үшін өз өңіріндегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға жүгіну қажет.
Көлік министрі Марат Қарабаев азаматтарды қабылдау барысында жолдардың тозуы мен ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесі мәселелерін талқылады. Түркістан облысының тұрғыны Састөбе ауылындағы зауыттан өнім тасымалдайтын жүк көліктері белгіленген жүк салмағынан асырып, жолдың бұзылуына әкеліп жатқанын айтты. Министр жол пайдалану нормаларының сақталуын бақылауды күшейтуді және көлік инспекциясы тарапынан тексеру жүргізуді тапсырды.
Шымкент тұрғыны шетелдік көліктерді заңдастыру мәселесін көтерді. Марат Қарабаев бұл акцияның бір реттік болғанын және 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін елге әкелінген шетелдік көліктердің тіркелмейтінін айтты.
Сонымен қатар Қостанай облысының зейнеткері М-36 Алматы – Екатеринбург тасжолының 40-шы шақырымындағы Щербаково ауылына бұрылыс маңында көше жарығын орнатуды сұрады. Министр жауапты қызметтерге бұл учаскені республикалық маңызы бар автожолдарды жарықтандыру жоспарына енгізуді тапсырды.
Өткен аптада мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Арман Қалыков азаматтармен кездесті. Түркістан облысынан келген көпбалалы ана жұмыс табу және баспана ақысын төлеуде қиындықтарға тап болғанын айтты. Депутат елде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды, соның ішінде көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше бағдарлама бар екенін түсіндірді. Сонымен қатар «AMANAT» партиясы тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп тұратынын және азаматтардың жұмыспен қамту орталығына жүгіну арқылы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар екенін еске салды.
Жетісу облысынан келген тәжірибелі педагог жаңа мектеп салу мәселесін көтерді. Депутат «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2022–2024 жылдары өңірде 15 жаңа мектеп салынғанын, 19 нысанға күрделі жөндеу жүргізілгенін атап өтті. Биыл тағы 7 мектептің құрылысы жоспарланған.
Осы аптада Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова да азаматтарды қабылдап, азық-түлік, коммуналдық қызметтер бағасының өсуі және жалпы инфляция мәселелерін талқылады. Оның айтуынша, мемлекет нарықты тұрақтандыру үшін шаралар қабылдап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін белгіленген бағамен сатуға мүмкіндік беретін өңірлік тұрақтандыру қорларын дамытып жатыр.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері қазақстандықтардың өзекті мәселелерін шешуде маңызды алаң болып қала береді. Барлық өтініштер бақылауға алынды, олардың әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Өтініштеріңізбен Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы жүгіне аласыздар:
1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);
2. WhatsApp: 8 700 800 4441
3. E-mail: komek@amanatpartiasy.kz
Қабылдауға жазылу қабылдау күніне кемінде 3 күн қалғанда жүзеге асырылады.