Қостанайда 900 орындық қазақтілді мектеп пайдалануға беріледі

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Instagram желісіндегі парақшасында Қостанай қаласында жаңадан бой көтерген № 28 мектеп-гимназиясына барып, жаңадан ашылатын мектеп туралы сүйінші хабар таратты.

Мемлекеттік тілде оқытатын 900 орындық мектеп осы жылдың 4 қарашасында ашылады. Айта кетсек, бұл жерде бұрын колледж ғимараты болған. Енді ол Қостанай облысы әкімдігі білім бөлімінің балансына берілді.

«Мектепті жөндеуге және жарақтандыруға 250 млн теңгеден астам қаражат бөлінді: жергілікті бюджеттен - 160 млн теңге және демеушілік қаражат – 94,7 млн теңге. Жалпы, ғимараттың шатырын, жылыту және сумен жабдықтау жүйелерін, 3 қабатты жөндеуге, сондай-ақ қасбет бойынша жұмыстарға 200 млн теңге жұмсалды. Ал қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыруға 60 млн теңге бағытталды. Мектепті белгіленген мерзімде ашуды тапсырдым», - деп жазды Архимед Мұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, химия, физика, биология және робототехника кабинеттері толық жөнделген. Сонымен қатар сыныптарда жаңа жиһаз, асханалық, музыкалық және спорт жабдықтары орнатылды.

Естеріңізде болса, шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайдағы қазақ тілінде білім беретін мектептің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Білім министрі және облыс әкіміне мәселені шешуді тапсырған еді.

«Жергілікті тұрғындардың пікіріне қарағанда, Қостанайдағы қазақ тілінде білім беретін жалғыз мектепке қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Білім министрі және облыс әкімі барлық мәселені жаңа оқу жылына дейін шешуі тиіс», - деп жазды твиттерінде Тоқаев.