Ол мас күйде болғаны анықталды
Астана әуежайында ұшар алдында дүрбелең туғызған шетелдік жолаушыға айыппұл салынды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Елордалық әуежайда желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әуекомпания өкілдерінің актісі бойынша ұшар алдында кенеттен ұшақтан шығып кетуді талап еткен «Астана-Алматы» рейсінің жолаушысын түсіріп алды.
Ер адам жүрегінің ауыруы мен ауа жетіспеушілігіне шағымданып, жағдайының күрт нашарлағанын айтты. Алайда, жолаушының денсаулығы ол ойлағандай болмай, медициналық көмектің орнына оған алкогольді тексеруден өту қажет болды.
«Тексеру барысында Ресей Федерациясының 44 жастағы азаматы жеңіл дәрежелі масаң күйде болғаны анықталды. Ол ұшу уақытын кешіктіріп қана қоймай, сонымен қатар ұшақтың алдыңғы есігінің қосалқы тұтқасын зақымдаған.
Ұшақтағы құқық бұзушылықтар үшін шетелдік жолаушы алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені және әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, әуе бортындағы қауіпсіздік ең басты талап. Кез келген орынсыз әрекеттер мен тәртіпті бұзу заң алдындағы жауапкершілікке әкеп соғады және әуе кемесінің жарамдылығына, рейстің кешігуіне әсер етуі, тіпті ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін», - делінген хабарламада.