Беймәлім адамдар жәбірленушіге 5 миллион теңге көлемінде шығын келтірген
Алматы облысының Жамбыл ауданында мал ұрлығымен айналысқан бір топ күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл ауданының полиция қызметкерлері мал ұрлығымен айналысқан кезекті қылмыстық топты ұстады. 22 ақпанда Ұзынағаш ауылының тұрғыны полицияға шаруа қожалығының қорасынан бес жылқының ұрланғаны туралы арызданды. Беймәлім адамдар жәбірленушіге 5 миллион теңге көлемінде шығын келтірген.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 32 және 34 жастағы екі күдіктіні анықтап, ұстады. Ұрланған мал табылып, заңды иесіне қайтарылды», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.
«Айта кетейік, жыл басынан бері Жамбыл ауданының полиция қызметкерлері мал ұрлығымен айналысқан үш қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Полиция азаматтарды өз мүлкін қорғау үшін сақтық шараларын қабылдауға шақырады және күдікті адамдар мен қылмыс фактілері туралы дереу хабарлауды сұрайды», - делінген ПД хабарламасында.