БҚО-да жол апатынан шекара қызметінің офицері қаза болды

Автор: Асыл Арман

Полиция департаменті жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғады

Фото: «Мой город»

Батыс Қазақстан облысында шекара қызметінің маманы жол апатынан қаза тапты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

24 ақпанда Жәнібек ауданындағы Өнеге ауылының маңында Қазталовка-Өнеге-Жәнібек тас жолында жол апатынан бірнеше адам қаза болғаны хабарланған. Алдын ала мәлімет бойынша, Ford Focus жүргізушісі жүк көлігін басып озу кезінде қарсы жолаққа шығып кетіп, Chevrolet Cobalt көлігімен соқтығысқан.

Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, Ford Focus көлігінің тағы төрт жолаушысы жарақат алды.

Белгілі болғандай, марқұмдардың бірі Батыс Қазақстан облысы Шекара қызметінде жұмыс істейді.

Полиция департаменті жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Шекара қызметі өз кезегінде қызметтік тергеуді бастады.

Ведомство марқұм қызметкері жайлы ресми мәлімет жариялаған жоқ.