Олар Ресей аумағында қолға түсті
Өткен жылдың қараша айында белгісіз біреулер Павлодардағы банк бөлімшесінің қабырғасын ойып, қарақшылық шабуыл жасаған. Күдіктілер Ресей азаматтары болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желіде Павлодарда банкті тонады деген күдікке ілінген Ресей азаматы делінген бес ер адамның суреті жарияланды.
Полицейлер тергеу шетелдіктерге қатысты жүргізіліп жатқанын растады.
«Полиция РФ аумағында өткен жылдың қараша айында Павлодар қаласындағы банк бөлімшесінен ұрлық жасаған күдіктілерді жедел анықтап, ұстады. Қазақстан сотының шешімімен Ресей Федерациясының азаматы болып саналатын ұсталғандарды қамауға алуға санкция берілді», - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі ресейлік әріптестерімен бірлесіп жедел-тергеу тобын құрды. Сотқа дейінгі тергеу әлі жалғасып жатыр.