Бірнеше оқушы үздік ЖОО-лардың бірінен білім грантын жеңіп алды
Алматы қаласында 1-11 (12) сынып оқушылары арасында «First Robotics Almaty Tech Cup 2025 – Central Asia FIRST Championship» халықаралық робототехника жарысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жарысқа Әзербайжан, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Түрікменстан, Өзбекстан, БАӘ, Сауд Арабиясы сияқты елдерден және Қазақстанның барлық аймағында өткен кездесулерде топ жарып, алға шыққан ең мықты командалар қатысты. Қатысушылар саны 3000-нан асып жығылды.
«Су ресурстары мен су асты әлемін зерттеудің жаһандық мәселесі» тақырыбына арналған жарысқа Қарағанды облысының «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатынан 4 команда қатысты.
«FIRST LEGO League Challenge» санаты бойынша «M2T» командасы «Autonomous genius award» номинациясына ие болса, «Rasslexx» командасы бас жүлдені ұтып, АҚШ-тың Техас штаты Хьюстон қаласында өтетін әлемдік кезеңге жолдама алды.
«FIRST Tech Challenge» санатындағы FTC роботтарының жарыстары өте тартысты өтті. Қуанышымызға орай, мектебіміздің тәжірибелі «Jeltoqsun» командасы екі бірдей «Inspire award» және «Winning alliance partner award» номинацияларымен қоса Бас жүлдені жеңіп алып, АҚШ-тың Техас штаты Хьюстон қаласында өтетін әлемдік кезеңге жолдама алды.
«Jeltoqsun» командасы:
Сонымен қатар, жоғары нәтиже көрсеткені үшін мектеп «Recognition award» номинациясымен марапатталып, екі оқушысы Руслан Огай мен Алина Анирова ҚБТУ университетіне төрт жылдық грант иеленді.
«Jeltoqsun» командасының капитаны Акбар Ермеков АҚШ жоғары оқу орнына берілетін оқу грантына дүниежүзі бойынша іріктелген 20 үміткердің қатарынан орын алғанын мақтан етеміз.
Оқушыларымыз 3000-нан аса оқушы қатысқан халықаралық додада керемет жетістіктерімен мектебіміздің ғана емес, сонымен қатар облысымыздың да абыройын асқақтатты.
Оқушыларымызға тәлім-тәрбие берген жетекшілері Бердібек Қазығұлов пен Жанәділ Шәкәрімге, қолдау көрсеткен ата-аналарымызға алғысымызды білдіреміз», - делінген «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының хабарламасында.