Жеке тұрғын үйдің шатыры өртенді
Қостанай облысы Тобыл қаласында жеке тұрғын үйдің шатыры өртенді. Оқиға кезінде 70 жастағы ер адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт 23 ақпан күні болған. Тілсіз жау үйдің шатырына тарап, шаруашылық құрылымдарға қауіп төндірді. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, жедел-құтқару жасағы және ТЖМ медицина орталығының бригадасы жұмылдырылды.
ТЖМ мәліметінше, үй ауласының қатты ластануы өрт сөндіру жұмыстарын қиындатқан. Тұрғын үйдің ауласында әртүрлі заттар мен көлік бөлшектері көп болған. Бұл өрттің таралу қаупін арттырған.
«Құтқарушылар өрт ішінен газ баллонын алып шығып, жарылыстың алдын алды. Өрт сөндірушілер гараж бен шаруашылық нысандарын жалыннан аман алып қалды», — делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.