Спортзалда тамақ ішуге мәжбүр: бас омбудсмен Алматы облысындағы мектеп-интернатқа барды

Автор: Дәуренқызы Алма

Қазір балалар басқа интернатқа көшірілді

Фото: instagram.com/zakiyevadinara

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мен «Қорғаудағы балалар» қорының жетекшісі Жанна Ахметова Алматы облысындағы И.Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатындағы балалардың тұрмыс жағдайын өз көзімен көрді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Зәкиева Instagram-дағы парақшасында интернаттағы 170 баланың өте қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын айтты. Үш жыл бұрын басталған күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмай, мердігер жосықсыз деп танылған. Соның салдарынан балалар тозығы жеткен ғимаратта тұрып, оқуға арналған нысанда түнеп, спорт залында тамақтануға мәжбүр.

Зәкиева бұл мәселені облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен өткен жиында көтерді. 

«Жергілікті билік жөндеуді аяқтау немесе жаңа мектеп-интернат салу мәселесін қарастырған, бірақ балалардың жағдайын ескеріп, жақында жөндеуі аяқталған, бос орындары бар басқа мектеп-интернатқа көшіру туралы шешім қабылданды», – деді омбудсмен. 

Сонымен қатар, жиында:

  • Психологиялық қолдау орталығының жұмысы;
  • Қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің санын арттыру мәселелері талқыланды.

Зәкиеваның айтуынша, облыста кемінде 109, әр ауданда 10 қызметкер болуы тиіс. Бұл – балаларға қатысты сигналдарға уақтылы жауап беру, зорлық-зомбылықтың алдын алу және қорғау шараларын сапалы жүзеге асыру үшін маңызды.