Аустралияда 17 жастағы қызын аш қалдырған ата-ана сотталды
Перт аудандық сотының үкімімен әкесі 6,5 жылға, анасы 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy RTVI порталына сілтеме жасап.
Қыз ауруханаға ауыр хәлде түсті: оның салмағы небәрі 27,3 кг, науқастың жүрегі тоқтап қала жаздаған. Дәрігерлер оның жыныстық жетілу белгілері байқалмағанын, ас қорыту жүйесі дұрыс жұмыс істемейтінін анықтады.
Тергеу барысында ата-анасы қыздың өсуін шектеп, оны физикалық әрі эмоционалдық тұрғыда кішкентай баладай ұстауға тырысқаны белгілі болды. Олар оған тек балаларға арналған мультфильмдер көрсетіп, ойыншықтар берген, туған күндеріне «ханшайым кештерін» ұйымдастырған. Үйді тінту кезінде оның жасына сәйкес ешқандай дүние табылмады.
Сотта әкесі қыздың вегетариандық диетаны өзі таңдағанын айтып, тамаққа қатысты шектеу қойылмағанын мәлімдеді, бірақ тергеу кезінде ол қыздың жасын екі жылға «жасартып», туу туралы куәлігін қолдан жасағаны анықталды.
Балет мектебінің мұғалімдері басында қыздың ата-анасына сеніп, оны психиатрға апаруға кеңес берген, бірақ олар одан үзілді-кесілді бас тартқан. Ұстаздар ақыры құзырлы органдарға хабар берді.
Ауруханаға түскеннен кейін де ата-анасы дәрігерлерге кедергі жасап, медициналық процедуралардан бас тартты. Олар қызын тамақтандыруға қарсы шығып, дәрігерлерге сенбеуге шақырған.
Қазір қыз ем қабылдап жатыр, ал ата-анасы үкімге апелляция түсірмек.