«Халыққа патшадай қарайды»: бұл VIP-кортеж емес, азаматтарға жол көрсетіп жүрген полицейлер
Қар қырсауында қалған азаматтарға көмек берілді

Полиция қызметкерлері көліктегі адамдарды қалаға аман-есен жеткізу үшін олармен ілесіп жүрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желіде тараған видеодан халық елімізде ауқымды іс-шара өтіп жатыр деп ойлаған. Бір қарағанда полиция қызметкерлері Мемлекет басшысын алып бара жатқандай көрінеді, бірақ шын мәнінде олай емес. Ауа райының қолайсыздығына байланысты сақшылар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың үйлеріне аман-есен жетуіне көмектесуде.
«Мен Президенттің кортежі деп ойлап қалдым», «Қамқорлық сезіледі!», «Ең бастысы – барлығы аман-есен жетті», «Халыққа патшадай қарағаны қуантады», - деп жазады желі қолданушылары.
Бір қолданушы, тіпті, өзінің бастан кешірген оқиғасын бөлісті.
«Бұл – рас. Біз жол тайғақ кезде Көкшетаудан Астанаға шықтық, полиция тоқтатып, 100 көлік жиналғаннан кейін алдымызға шығып, қалаға жеткізді», – деп жазады пікір білдіруші.