«Қайран, Дулат ағам-ай»: белгілі жазушы Дулат Исабеков өмірден өтті
Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов жеткізді

Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков өмірден өткені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Қайран, Дулат ағам-ай, мынау жарық дүниеден Сіздің де кеткеніңіз бе? Осыдан 15 минут бұрын ғана Естияр Дулатұлы інішегім бұл қайғылы хабарды жылап тұрып жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Әбдешұлына, ел ағаларына қаралы хабарды жеткіздім. Қазір ағамның үйіне кетіп барамын... Иә, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті. Қазақ халқына қайғырып көңіл айтамын», – деп жазды ол өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Жазушы әр жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980), Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас директоры (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының директоры болып еңбек еткен.