«Бала 2 сағат бойы есін жия алмаған»: Астанада 8-сынып оқушысы қатарласын электрошокермен талдырды
Ақылы мектептің былығы ашылды

Астанадағы №81 таза ағылшын тілінде оқытатын ақылы мектепте 8-сынып оқушысы қатарласына электрошокер қолданып, сес көрсеткен. Тоқ соққан оқушы мектеп дәлізінде есінен танып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Білім ордасының медпунктіне жеткізілген балаға мектеп дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқан, бірақ одан ештеңе шықпады.
Оқиғаны көрген ата-аналардың айтуынша, зардап шеккен оқушы шамамен екі сағаттай есін жинай алмаған. Жағдай күрделене бастаған соң ғана мектеп әкімшілігі жедел жәрдем шақырған. Қазір зардап шегуші №2 көпбейінді ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның есін жиып, қажетті ем-дом жасағанын мәлімдеді.
Бұзақылық әрекетке барған оқушының ата-анасына хаттама толтырылып, тергеу басталды. Жылына миллион теңгеден астам оқу ақысы төлейтін ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Олар мектепке кез келген оқушының осындай құралдарды әкелуі мүмкін екенін айтып, білім ордасына сканер орнатуды талап етіп жатыр.
«Екі балам осы мектепте оқиды. Ай сайын қомақты ақша төлейміз. Бүгінгі жағдайдан кейін балаларымызды мектепке жіберуге қорқып қалдық. Ойлаңызшы, кез келген оқушы осындай электрошокер алып келсе, оны қолданса не болады? Мектеп әкімшілігі неге сөмкелерін тексермейді? Егер бәрін тексеру мүмкін болмаса, сканер орнатсын», – оқушының анасы Әлия Дашкеева.