«Birgemiz» қоры шымкенттік 40 мың отбасыға бір реттік көмек берді

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың жеке есепшотына 50 мың теңгеден 2,8 млрд теңге аударылды

Фото: баспасөз қызметінен

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі М.Әйтеновтің қатысуымен «Nur Otan» партиясы активінің бейнеконференциясы өтті, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Н.Ергешбек төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеуге 1,5 млрд теңге қаржы қаралғанын айтты.

«Төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу бойынша бүгінгі таңға 17 586 азаматтың өтінімі мақұлданып, мамыр айына жоспарланған 8 333 азаматқа төленген. Қалған өтінімдер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Н.Ергешбек.

Жиында белгілі болғандай, төтенше жағдай кезінде 42 отбасы баспанасыз қалған. Мүлдем баспанасы болмаған 22 отбасы жатақханамен қамтылып, қалғаны туыстарына жайғастырылған. Ал 25 отбасыға 1 млн теңгедей қаржылай көмек көрсетілген. Қазір құрылысы жүріп жатқан 5 қабатты тұрғын үй қыркүйекте толығымен пайдалануға беріледі. 

«Бұдан бөлек, жиында  сөз алған «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов «Birgemiz» республикалық қоғамдық қорынан 40 мыңнан астам қала тұрғынының жеке есепшотына 50 мың теңгеден жалпы 2,8 млрд теңге аударылғанын айты. Ал «BizBirgemiz» акциясы аясында 8 мыңнан аса отбасы азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етілді және 1 млн маска тегін таратылды», - деп жазылған хабарламада.