Аталған мекеме бір жыл бұрын ғана құрылған
«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілікті, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуге, орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызмет) актілеріне қол қоюға көмектескені үшін аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша, сондай-ақ жалпы қамқорлығы пен салғырттығы үшін «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Күдікті кінәсінің деңгейі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады. Тергеу мүдделері үшін басқа ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – ҰКҚМО) «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іс жүзінде іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 113 қаулысымен құрылды.
«Миссиясы – ұлттық кинематографияны қолдау, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ұлттық мүддеге сай келетін сапалы фильмдер шығару үшін жағдай жасау, отандық фильмдерді тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде танымал ету, сонымен қатар кино индустриясына инвестиция тарту»,- деп жазылған ресми сайтта.
Сондай ақ, интернет ресурста орталықтың басқарма төрағасы Гүлнара Сәрсенова деп жазылған.