Босанған келінге үй жинатып, аула сыпырту — бұрмаланған дәстүр: тарихшы қазақ дәстүрінде жас отбасы ата-анамен бірге тұрмаған дейді

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол келін мен ата-ененің бір-бірін сыртқы киімсіз көруі әдепке жат саналғанын айтты

Фото: Сарысу ауданы әкімдігі баспасөз қызметі

Белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты Салтанат Асанова қазақ дәстүрінде жас жұбайлардың ата-анамен бірге тұру үрдісі болмағанын мәлімдеді. Ол бұл туралы QalamHistory YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тарихшының айтуынша, жас отбасылардың ата-анамен бірге тұруы дәстүрге қайшы, өйткені қазақ халқы ертеден-ақ отау тігіп, жеке шаңырақ көтеруге мән берген.

«Қазақтарда жас жұбайлар жеке «Отау» деп аталатын жерде тұрған. Сондықтан келін мен ата-ене бірге тұрмаған. Олардың тіпті бір-бірін сыртқы киімсіз көруі әдепке жат саналған», — дейді тарихшы.

Салтанат Асанова сондай-ақ жас келіндерге ерекше құрмет көрсетілгенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі қоғамда келіндерді босанғаннан кейін ауыр жұмыстарға жегу – бұрмаланған дәстүр.

«Баланы дүниеге әкелгеннен кейін келінді бірден үй жинау, ауланы сыпыру немесе сиыр саууға жіберу – бұрмаланған дәстүр. Керісінше, қазақтар жас босанған ананы ерекше күтіп, оған қамқорлық танытқан. Ол 40 күн бойы киіз үйден шықпай, тынығуға мүмкіндік алған», – деп түсіндірді ғалым.

Сонымен қатар жаңа туған нәрестені кез келген адамға көрсетуге тыйым салынған. Тарихшының айтуынша, бала ең алғаш қозғала бастағанда, оның жанында ақыл-парасаты жоғары тұлғаның болғаны маңызды саналған. Себебі «бала сол адамға тартады» деген сенім қалыптасқан.