«Ербаянның бүгінгі жағдайы»: әскерде жүріп, мүгедек болған сарбаздың туыстары мәлімдеме жасады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оқиға 2023 жылдың желтоқсан айында Алматыда Ұлттық ұланда болған

Фото: erbayan2024/instagram

Ұлттық ұлан сапында отан алдындағы борышын өтеп жүрген Ербаян Мұхтардың туыстары мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Фотода Ербаянның мүгедектер арбасында телефонға қарап отырғанын көруге болады.

«Бүгін – ислам күнтізбесіндегі ең қасиетті түндердің бірі, мейірім мен кешірімге толы Бараат түні. Бұл түн – ақ жүрекпен жасалған әрбір дұға қабыл болатын ерекше уақыт.

Біз, Ербаянның отбасы, осы қасиетті түнді дұғада өткіземіз. Егер мүмкіндік болса, сіз де бүгінгі түнде Ербаян үшін тілек тілеп, аяғынан тұрып кетсін деңізші. Алла Тағала барлық ізгі ниеттерімізді қабыл етсін!

Фотода Ербаянның бүгінгі жағдайы. Шүкір», - деп жазды туыстары.

Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсан айында Алматыдағы 5571 әскери бөлімнің ұлттық ұланында қызмет еткен Ербаян Мұхтар комаға түскен. Әскери бөлімдегілер оның әжетханада құлап, басын плиткаға соғып алғанын айтып, бұл оқиғаны жазатайым жағдай деп түсіндірген. Алайда туыстары бұған сенбейді.