Қостанай облысында жаңа жылдық сырғанақты бұзып жатқан жұмысшы биіктен құлап, көз жұмды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оқиға 13 ақпан күні түнгі уақытта болды

Фото: «Наша газета»

Қостанай облысындағы Қамысты ауданының орталығында аудан әкімдігі жанындағы алаңда жаңа жылдық сырғанақты бұзып жатқан жұмысшы биіктен құлап кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Наша газета» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Биіктігі 4,5 метрге жуық сырғанақты бұзу жұмысы 13 ақпанда жүргізілген. Ағаш конструкцияларды бөлшектеу кезінде жұмысшы биіктен құлап кетті. Ол аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, сол жерде қайтыс болды.

Облыстық полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады.

«Полицейлер адам өліміне әкеп соқтырған еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», - деп хабарлады құқық қорғау органы.