$ 496.41  542.77  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Тағы қашан туасың?»: Әсел Асқар уақытын босқа өткізіп алғанын айтты

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында ішкі жан дүниесін ақтарып сырын айтты

«Тағы қашан туасың?»: Әсел Асқар уақытын босқа өткізіп алғанын айтты
Фото: instagram.com/assel.askar

Актриса, блогер Әсел Асқар өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ішкі жан дүниесі мен өмір салты туралы ойларын бөлісті. Ол күнделікті қарбалас өмірі, тоқтаусыз жұмыс ырғағы және уақыттың тез өтіп жатқаны туралы жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Әсел Асқар өзіне демалуға мүмкіндік бермейтінін және әрдайым қозғалыста болатынын атап өтті.

«Мен қатты шаршайтынымды түсіндім. Нон-стоп режимінде жұмыс істеймін. Алға ұмтыламын, табысқа жетуге тырысамын. Көздеген мақсатыма жету үшін кедергілерді еңсеремін. Осылайша күн сайын тынымсыз еңбек етемін», – деп жазды ол.

Блогердің айтуынша, спорт, түсірілім, кәсіби міндеттер мен блог жүргізу оның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.

«Мен өзімді аямаймын. Аз ұйықтаймын. Спорт, түсірілім, міндеттер, блог… Тіпті, саяхат кезінде де демалудың орнына, кеткен ақшаны ақтауға тырысамын. Сол себепті кейде демалыстан кейін де өзімді шаршағандай сезінемін», – дейді Әсел.

Жазбада ол өмірінде көп нәрсені жіберіп алғанын және уақыттың зымырап жатқанын түсінгенін айтты.

«Көп уақытым бекер кетті. Көп нәрсеге қажетсіз адамдар мен жағдайларға босқа уақыт жұмсадым. Қазір айнаға қарасам, жаңа әжімдерді көремін. Бұл – қоғам бізге сіңірген қорқыныш, себебі әйел жасының қысқа екенін әрдайым еске салып отырады», — деп жазды ол.

Әсел Асқар соңғы уақытта оған жиі қойылатын сұрақтарды да тізіп өтті: «Қашан тұрмысқа шығасың?», «Тағы қашан бала көтересің?», «Қыз-келіншекке тән өмір сүрсеңші» деген пікірлердің көп екенін айтады.

«Мен мұндай сұрақтарға жауап бергім де келмейді. Соңғы екі жарым жылда өмірім түбегейлі өзгерді. Бірақ адамдар менің жеке сезімдерімді ескермейді», – дейді ол.

Блогер ер адамдармен қарым-қатынасқа келгенде, қорқыныштары бар екенін мойындады.

«Мен қарым-қатынастан қорқамын. Өйткені бір күні қайтадан алданып қаламын ба деп қорқамын. Маған біреу қайтадан ауыртпалық әкеледі ме деп уайымдаймын», — деп жазады ол.

Оның айтуынша, бұл қорқыныш оған қарым-қатынастан қашуға, өзін толықтай жұмыс пен шығармашылыққа арнауға итермелейді.

«Мен бәрін өзім жасаймын, өзіме сенемін. Себебі ер адамға сенім арту мүмкін емес деп ойлаймын», — дейді Әсел Асқар.

Блогер табысты, мықты әйел ретінде танылғанымен, кейде қарапайым нәзіктік пен әйелдік жылылықты аңсайтынын жасырмайды. «Мен кейде өзімді жай ғана әлсіз әйел ретінде сезінгім келеді. Ер адамның қамқорлығын, қолдауын қалаймын. Бірақ соған мүмкіндік бере алмаймын», – деп жазады ол.

Әсел Асқар қарым-қатынастан тек материалдық тұрақтылық қана емес, шынайылық пен үйлесімділік іздейтінін айтты.

«Менің талабым жоғары. Өйткені мен өзімді қамтамасыз ете аламын. Біреуді шабыттандыру, оның мансап жолында табысқа жетуін күту – мен үшін емес. Мен бұл кезеңнен өттім», – деді ол.

Дегенмен, Әсел болашақта жан серігін тапқысы келетінін жасырмады. «Мен өзіме сенімдімін және өз бақытымды құруға лайықтымын» деген блогер өзінің өмірге деген көзқарасын ашық түрде жеткізді.

Серіктес жаңалықтары