БҚО-да ақша бопсалаған адам қылмыс үстінде ұсталды: ол 7 жылға сотталуы мүмкін

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр

Фото: Видеодан скрин

БҚО-да ақша бопсалаған ер адам қылмыс үстінде қолға түсті. Енді ол 7 жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ПД мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде БҚО полиция қызметкерлері 20 жастағы жігітті ұстады, ол Орал қаласының 19 жастағы тұрғынын қорқытып ақша бопсалаған.

«Күдікті ақша алу кезінде ұсталды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Заңнамаға сәйкес осы қылмыс үшін мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Егер сіз осындай қылмыстың құрбаны болсаңыз, полицияға хабарласуыңызды сұраймыз», - делінген ПД хабарламасында.