Көкшетауда құтқарушылар қараусыз қалған 3 жастағы баланы тауып алды
Ол Қопа көлінің жағасында жартылай қираған иесіз үйдің жанынан табылды
Көкшетауда құтқарушылар Қопа көлінің жағасында жартылай қираған иесіз үйдің жанынан қараусыз қалған 3 жастағы баланы тауып алды. Олар бүлдіршінді үйіне апарып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шомылу маусымында оқыс оқиғалар мен қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында құтқарушылар күнде рейд жүргізеді. Кезекті рейд барысында олар Береговая көшесінің бойынан кішкентай баланы тауып алды. Балақай ойнап жүріп, адасып қалған.
«Бүлдіршін өзінің кім екенін, қайда тұратынын жөнді түсіндіріп айта алмаған. Құтқарушылар баланың ата-анасы мен тұратын жерін анықтау үшін Қопа көлінің жағасындағы үйлердің бәрін аралап шыққан», - деді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері.
Кейін белгілі болғандай, баланың анасы азық-түлік алу үшін дүкенге шығып кеткен. Ал әжесі ойнап жүрген немересінің ауладан қалай шығып кеткенін байқамай қалған.
Құтқарушылар ата-аналарды балаларға аса мұқият болып, қауіпсіздік негіздерін түсіндіруге шақырады.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы