Ол 25 адамды алдап кеткен
Астана тұрғындарын жүздеген миллион теңге алдап кеткен әйел адам сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық сот мәліметінше, сотталған әйел бірнеше адаммен топ болып, алдын ала сөз байласуымен, 25 жәбірленушіге «Кейіннен сатып алу мүмкіндігі арқылы жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасымен тиімді шарттар бойынша тұрғын үй сатып алуға көмектесуге уәде берген, осылайша өзінің қылмыстық әрекетімен 25 жәбірленушіге жалпы сомасы 301 млн теңгеден астам материалдық залал келтірген.
Сотталушы кінәсін мойындамады, ал қорғаушы тарап оны қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығына байланысты ақтауды сұрады.
«Жасалған қылмыстың мән-жайын және оның ауырлығын, жеңілдететін мән-жайлардың болуын, ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, сот сотталушы С.-ны 5 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда материалдық-жауапты және басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, оған 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады», - делінген сот хабарламасында.
Жәбірленушілердің талаптары толық көлемде қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.