Үйі өртеніп кеткен: «AMANAT» партиясы мүшесінің атсалысуымен жас отбасы баспаналы болды

Автор: Асыл Арман

Шаңырағында өрт шыққан күні отбасымен бірге ағасының үйінде болған

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Шынар Ершілік баспанасы өртеніп кеткен отбасының үй алуына атсалысты. Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ақтөбелік отбасы жуырда жаңа үйге кіріп, қоныс тойын тойлады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Тұрар Иниятов шаңырағында өрт шыққан күні отбасымен бірге ағасының үйінде болыпты. Көршілері хабарласқан бойда алып-ұшып жеткенімен, қызыл жалын үйдің төбесін шарпып үлгерген. Жас отбасының басына түскен қиындыққа халық қалаулысы Шынар Ершілік бей-жай қарамады. Ол демеуші тауып, жас отбасының баспаналы болуына қол ұшын созды.

«Бұл отбасы мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отыр. Бұған қоса, шаңырақ иесінің келіншегі жүкті еді. Үй өртенген кезде айы-күні жетіп отырған болатын. Сондықтан да қол қусырып қарап отыра алмадым. Астанадағы құрбымның демеушілігімен өздері қалаған үйді сатып алдық. Жалпы өз басым адамдардың күйзелісін көргенде, аянып қалмаймын», – деді Шынар Ершілік.

Тұрар Иниятов депутаттың көмегіне дән риза. Ол жаңа үйдің құжаттарын рәсімдеуге және сол маңға аялдама орнатуға депутат көп көмек көрсеткенін айтты. Жалдамалы пәтерден жаңа баспанаға көшкен кезде ұлы дүниеге келгенін отағасы жақсылыққа балап отыр.

«Үлкен қызым мүгедек болып дүниеге келді. Несие алып, Ташкент қаласында емдедік. Қызымның емін жалғастырғалы отырғанда оқыс оқиға болды. Не істерімізді білмей қалдық. Өзім дене шынықтыру пәні мұғалімі болғаныммен, жұмыс болмаған соң жүк тиеуші болып нәпақа табамын. Депутат көмектеспегенде, жағдайымыздың қалай болатынын ойлаудың өз қорқынышты еді. Осыған дейін Шынар Ершілік бірнеше отбасының баспаналы болуына себепші болғанын естігенбіз. Енді міне, өзіміз де 4 бөлмелі үйге қол жеткізгенімізге сенбей отырмыз. Демеушіге де, депутатқа да алғысым шексіз», – деді ол.

Айта кетейік, игі іске қалалық мәслихат депутаты Жандос Жаңабай да атсалысып, жаңа үйге жиһаз алып берді.