Алматы облысында екі адамнан 72 мың доза болатын мефедрон есірткісі табылды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Күдіктінің үйін тінту кезінде тапанша да табылды

Фото: Видеодан скрин

Алматы облысында екі күдіктіден 24 келіден астам мефедрон есірткісі тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ПД мәліметінше, «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің қызметкерлері синтетикалық есірткінің өңірлерге таралуына жол бермеді.

«Алматы облысында есірткі заттарының заңсыз айналымын ұйымдастыруға қатысы бар екі күдікті ұсталды. 36 жастағы азаматтың үйінің сарайын тінту барысында 24 келіден астам мефедрон салынған қаптар табылды. Бұл препараттың мөлшері 72 мың мәрте бір реттік дозаға тең. Сонымен қатар 41 жастағы ұсталған адамнан белгісіз тапанша табылып, тәркіленді. Күдікті адамдар ұсталды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Данияр Мейірхан.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті еліміздің барлық аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және есірткі қылмысына қарсы күрес үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастыруда.