«Өлім ғана тоқтата алады»: Мұхамедиұлының түрмеде аштық жариялағаны жалған болып шықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәлімдеме жасады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы түрмеде жатып, аштық жариялағаны туралы мәлімет тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен аштық жарияладым, өйткені өзімді о бастан кінәсіз деп санаймын», - деп жазды ол Facebook-те.

Мұхамедиұлы түрлі құзырлы органдарға, соның ішінде Президент Әкімшілігіне жолдаған хаттарын да жариялады. Ол бұған дейін өз ісін қайта қарауды сұрағанын, өйткені ол өзін киноиндустриядағы ұрлыққа қарсы күрескер санағанын, бірақ керісінше өзі тергеуге алынғанын айтты.

Атбасардағы түзеу колониясында жатқан ол былай дейді:

«Егер менің өмірім өліммен аяқталса, жоғарыда аталған адамдарды кінәлі деп есептеңіз. Мен бұл заңсыздықты тек өлім ғана тоқтата алады деген қорытындыға келдім», - дейді экс-министр.

Ал өз кезегінде ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Мұхамедиұлының аштық жариялағаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Ол қалыпты жағдайда тамақ ішіп жатыр, бұл бейнебақылау камералары арқылы расталған. Одан ешқандай арыз да, шағым да болған жоқ. Сондай-ақ, белгіленген тәртіппен сотталғанның қолында ұялы телефоны жоқ», - дейді комитет.

Ал оның атына әлеуметтік желіде жарияланған жарияланым бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.