Жаңа терминалда тек халықаралық рейстерге қызмет көрсетіледі
Алматыда 1 шілдеден бастап Алматы халықаралық әуежайы жаңа терминалының құрылысы басталады. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты.
«1 шілдеден бастап әуежайдың жаңа терминалының құрылысы басталады. Жолаушылар ағыны 6 млн адам болмақ. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың 1 шілдесінде аяқталады. Жаңа терминалда тек халықаралық рейстерге, ескі терминалда ішкі рейстерге қызмет көрсетіледі», - деді Бақытжан Сағынтаев.
12 мамырда Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жақында ғана түрік компаниясы сатылған Алматының халықаралық әуежайын қайта жөндеу жоспары таныстырылды. Сонда «TAV airport Holding» компаниясы бас директорының орынбасары Серкан Президентке әуежайдың жаңа терминалының құрылысы туралы мәлімет берді. Жалпы көлемі 55 мың шаршы метр болатын терминал жобасының құны 150 миллион евро болатынын айтты.