Жарысқа бара жатқан: Қостанай облысында балалар мінген екі автобус қар құрсауында қалды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жас спортшылар жылыту пунктіне жеткізілді

Фото: depositphotos.com

Қостанай облысында жарысқа бара жатқан балалар мінген екі автобус қар құрсауында қалып қойды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жас спортшыларды жылыту пунктіне жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Қостанай облысы, Амантоғай ауылынан 20 шақырым жерде, «Әулиекөл-Жолдама» облыстық маңызы бар жолында болды.

«Төтенше жағдайлар қызметкерлері 13 адамды, оның ішінде 11 баланы құтқару жұмыстары барысында Амантоғай ауылындағы жылыту пунктіне жеткізді. Сонымен қатар автобустар мен жеті жеңіл көлік, яғни 14 адам мінген көлік қардан шығарылып, тазартылған жолға қарай эвакуацияланды», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Құтқару жұмыстары барысында зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болмаған.

ТЖМ мамандары қыс мезгілінде алыс сапарға шықпас бұрын ауа райы болжамын мұқият қадағалауға және жолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.