«Халық жаппай көшіп жатыр»: Санторини грек аралында екі жер сілкінісі тіркелді
Грекия екі жыл бұрын зілзала болған Түркиямен шекаралас

Грекияның Санторини аралындағы екі жер сілкінісінен кейін 11 мыңнан астам адам үйлерін тастап, кетіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.
Сәрсенбі күні кешке және бейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:50-де аралдың маңында 5,2 және 4,7 баллдық екі жер сілкінісі болды. Түн ортасынан таңғы 6:30-ға дейінгі барлығы 57 әлсіз жерасты дүмпулері тіркелді.
Аморгос пен Санторини аралдарының арасындағы аймақ бір аптадан астам уақыт бойы сілкініп, тұрғындардың мазасын қашырды. 28 қаңтардан бері онда 500-ден астам шағын магнитудалы жерасты дүмпулері тіркелді.
Бұған дейін Грекия билігі арал тұрғындары мен туристерді сабырға шақырғанымен, бейсенбі күні Санториниден теңіз арқылы жеті мың, әуе арқылы төрт мың адам ұшып кеткен.
Сейсмологтардың алғашқы болжамы бойынша, күшті жер асты дүмпулері шамамен бес шақырым тереңдікте болған.
Аралда айтарлықтай зақым келген жоқ, бірақ Санторини билігі кез келген жағдайға дайындалып жатқанын айтады.
Грекия геодинамика институтының сарапшылары кішігірім жер асты дүмпулерінің қатары жалғасып жатқанын ескертеді.
Санторини вулкандық аралдар тізбегінің бөлігі болғанымен, грек билігі сейсмикалық белсенділік жанартаулық емес, тектоникалық плиталардың қозғалысымен байланысты екеніне сенімді.