$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда жүрген Орталық Азия елдерінің азаматтары өз елдеріне 1 трлн теңге аударған

Депутат көлеңкелі экономиканың салдарынан бюджетке 2-2,5 трлн теңге салық түспей отырғанын айтты

Қазақстанда жүрген Орталық Азия елдерінің азаматтары өз елдеріне 1 трлн теңге аударған
Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Қазақстанда жүрген Орталық Азия елдерінің азаматтары үш жылда өз елдеріне 1 трлн теңге аударғанын, ал көлеңкелі экономиканың әсерінен бюджетке триллиондаған теңге салық түспей отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат өз сөзінде мемлекет басшысы жолдауында көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұрғанын атап өткенін тілге тиек етті.

«Бүгінде осы бағытта Үкімет ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Жалпы, жүзеге асырылып жатқан шаралар соңғы 3 жыл аралығында ішкі жалпы өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесін 27%-дан 19,75%-ға дейін қысқартып, бюджетке 2 трлн теңге қосымша кіріс түсірткен. Алайда, қазір көлеңкелі экономиканың үлесі 17 % шамасында болса, бұл кем дегенде бюджетке 2-2,5 трлн теңге салық түспейді деген сөз (120 трлн теңге жалпы ішкі өнім).

Бір заң жобасын зерделеу кезінде елімізде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай саясатты қалыптастыруға және басқа ведомстволарды үйлестіруге жауапты мемлекеттік орган жоқ болып шықты. Әр мемлекеттік орган бір-біріне сілтейді. Кім жауап беретіні белгісіз. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде шаралар қабылдайды, бірақ функционалдылықты нақты бөлетін тұтас жүйе жоқ. Аталған проблема бойынша кешенді жоспарлармен барлық салалар қамтылмаған. Бұл бір.

Екінші. «Көлеңкелі» экономикаға көбірек үлес қосатын сала, бұл – сауда. Ал сауданың жүйесі – базар. Әлбетте, базардың аты – базар. Ондағы еркін сауданы қадағалау қиын. Бірақ дұрыс ұйымдастыруға мүмкіншілік барғой. Елімізде қолма-қол ақшасыз айналым коэффициенті жыл сайын өсіп келеді. Яғни, көлеңкелі экономиканың бір көрінісі – салық төлеуден жалтару. Оның бірнеше себебі бар. Солардың бірі салықтық әкімшілендірудің әлсіздігі», - дейді депутат.

Мәжілісмен сөзін жалғай отырып, Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпратында Орталық Азия елдерінің азаматтары Қазақстанда үш жыл ішінде 136 млрд теңге табыс тапқаны, алайда, Ұлттық банктің ақпараты бойынша, осы уақыт ішінде олар отанына жалпы 1 трлн теңге аударғаны, яғни «көлеңкелі» тауарларды немесе қызметтерді өндіру ықтималдығы жоғары екенін ерекше қозғап өтті.

Осы айтылғандарды еске ала отырып, премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге мынадай мәселелерді қарастыруды ұсынды:

  1. Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай саясатты қалыптастыратын және үйлестіріп, жүргізетін бір мемлекеттік органды анықтау.
  2. Жалған келісімшарттарға қарсы тұру үшін тауарды жеткізу тізбегі бойынша қосылған құн салығы мен құжаттар қатар жүретін нақты бір жүйе құру қажет. Бұл жүйе толықтай цифрландырылған болуы шарт. Нәтижесінде бюджетке төленуі тиіс салықты Үкімет автоматты түрде есептеп беруі керек. Бұл әсіресе шағын және орта бизнеске үлкен көмек болар еді.
  3. Халықты банктік карталар арқылы төлемдер жасауға ынталандыруымыз қажет. Оған әртүрлі іс-шаралар барысын ұсынуға болады. Олардың бірі – төлеген құн салығының бір бөлігін бонус (кэшбек) ретінде қайтаруға болады.
Серіктес жаңалықтары