Адам өлімі, зорлау, ұрлық: Қазақстанның 22 азаматы шет мемлекеттерде өмір бойына сотталған

Автор: Асыл Арман

Қазіргі уақытта 1078 сотталған қазақстандық 33 елдің түрмелерінде отыр

Фото: istockphoto.com

Қазіргі уақытта Қазақстанның 1078 азаматы шетелде сотталып, түрмеде жазасын өтеп жатыр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті сотталған қазақстандықтардың қылмысы туралы түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, Қазақстан азаматтары ұрлық, кісі өлтіру, есірткі сақтау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру, тонау, алаяқтық және зорлау қылмыстары үшін шетелдегі түрмелерде жазасын өтеп жатыр.

«Шетелде сотталған Қазақстанның 22 азаматы өмір бойына бас бостандығынан айырылған», - делінген ведомствоның Azattyq Rýhy агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.

1078 сотталған қазақстандық 33 елдің түрмелерінде отыр. Олардың көпшілігі Ресейде жазасын өтеп жатыр – 817 адам, сол сияқты:

  • Қырғызстанда – 52 адам;
  • Өзбекстанда – 34 адам;
  • Беларусьте – 18 адам;
  • Тәжікстанда – 8 адам;
  • Әзербайжанда – 7 адам;
  • Арменияда – 1 адам.

Отандастарымыз сондай-ақ, алыс елдерде де жазасын өтеп жатыр, ең көбі Кореяда – 27 адам, Италияда – 21 адам, Украинада – 15 адам.

Сонымен қатар, Қазақстанның 12 азаматы Түркияның, 10-ы Германияның абақтыларында отыр. Тіпті, Бразилия, Ұлыбритания, Грекия, Латвия және Таиланд елдерінде де жазасын өтеп жатыр.

«Алыс елдерде барлығы 141, ал ТМД елдерінде 937 қазақстандық сотталды», - деп нақтылады Бас прокуратура.

Сонымен қатар, Қазақстанда қанша шетел азаматының жазасын өтеп жатқаны белгілі болды. 2024 жылы олардың саны – 1357. Шетелдіктер абайсызда өлімге әкеп соқтырған, денсаулыққа қасақана зиян келтірген, азаптау, он алты жасқа толмағандарды зорлау, адам ұрлау, қорлау, ұрлық, алаяқтық, тонау және қарақшылық бойынша сотталған.

Бас прокуратура өзге елдерде құқық қорғау органдарына ұсталған Қазақстан азаматтары тұрғылықты елдегі Қазақстан Республикасының елшілігіне немесе консулдығына хабарласуы қажет екенін атап өтті.