Су тасқынымен күрес: Ақмола облысында 6 шақырымдық дамба салынып жатыр
Бөгеттің жартысынан астамы аяқталған

Ақмола облысы Аршалы ауданына қарасты Жібек Жолы ауылында су тасқынының алдын алу мақсатында қорғаныс бөгетінің құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhyөңірлік әкімдікке сілтеме жасап.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ҚР ТЖМ вице-министрі Серік Төленбергенов құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
«Қазіргі уақытта бөгеттің 50%-дан астамы аяқталған. Оның ұзындығы 6 шақырымнан асады, ал биіктігі 2-ден 5,3 метрге дейінгі аралықта өзгеріп отырады. Жоба аясында көлік пен малға арналған үш өткелдің құрылысы да қарастырылған», — делінген хабарламада.
Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жанет Микишевтің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары қазан айында толық аяқталады.
«Бірінші кезеңде бөгеттің негізгі құрылымы мен өткелдер салынып, олар су тасқыны маусымы басталғанға дейін пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта жер тазартылып, топырақ қабаты алынып, қажетті құрылыс материалдары жеткізіліп жатыр», — делінген материалда.
Құрылыста 63 арнайы техника (құм таситын жүк көліктері, бульдозерлер, катоктар, автогрейдерлер) жұмыс істеп жатыр. Жобаның қаржыландыруы «Демеу Қазақстан қоры»арқылы жүзеге асырылады.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өткен жылы орын алған су тасқыны жағдайларын ескере отырып, жұмыстың сапалы орындалуы маңызды екенін айтты.
«Былтыр осы аумақта үлкен жұмыстар жүргізіліп, қомақты қаржы мен адам ресурстары жұмсалды. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы үшін жұмысты сапалы орындау керек. Барлық мердігерлерге ескерту жасалды – жобаның жүзеге асырылуына қатаң бақылау жүргізілуде, әрбір бөлінген теңге есепте тұр», — деді ол.
Сондай-ақ Аршалы ауданының Анар ауылдық округінде орналасқан Анаркөл көлінің қорғаныс бөгеті қайта жөнделуде. Қазіргі дайындық деңгейі – 60%, ал ақпан айының соңына дейін бұл көрсеткіш 90%-ға жеткізіледі. Бөгеттің су тасқыны кезінде шайылуын болдырмау үшін төменгі бөлігіне 15 су өткізгіш құрылғы орнату жоспарланған.