$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бұл менің өмірлік арманым»: Гарвард докторанты Қазақстан эстрадасын зерттеп жүр

Ол зерттеу барысында «Дос-Мұқасан» ансамблінің АҚШ-қа гастролі туралы тың мәліметтер тапқан

«Бұл менің өмірлік арманым»: Гарвард докторанты Қазақстан эстрадасын зерттеп жүр
Фото: Александр Павский / Kazinform

Гарвард университетінің докторанты, тарихшы Лиора Айзенберг Қазақстанға келіп, еліміздің музыка тарихын терең зерттеуге кірісті. Ол диссертациясын Орталық Азияның ұлттық музыка дәстүрлерінің қалыптасуына арнап, 1917–1991 жылдар аралығындағы Қазақстан мен Өзбекстандағы музыканың дамуын қарастырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Қазақстанға деген қызығушылық қалай басталды?

«ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында 26 жастағы американдық ғалым 2021 жылы Гарвардтың докторантурасына қабылданғанын айтты. Бірақ Қазақстанға деген қызығушылығы бұдан ертерек басталған екен.

«2018 жылы Қазақстанға келіп, жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың бірінде тәжірибеден өттім. 2019 жылы Алматыдағы АҚШ консулдығында жұмыс істедім. Осылайша менің Орталық Азияға деген қызығушылығым артты», – дейді ол.

Бастапқыда Лиора миграция саясаты туралы зерттеу жасағанымен, бұл тақырып оған жақын болмаған. Пандемия кезінде ол Қазақстандағы тіл саясатына назар аударып, осында бірнеше рет болғаннан кейін қазақ тілін үйренуге бел буған.

«Мен Қазақстан мен Тәжікстанды салыстырғым келді, себебі тәжік тілін де меңгеріп, ол елде біраз тұрдым. Бірақ кейін зерттеуімді Өзбекстанмен салыстыруға шешім қабылдадым. 2023 жылы Гарвард жыл сайынғы Орталық Азия зерттеушілерінің конференциясын ұйымдастырды. Сол кезде мен музыканы зерттеуім керек екенін түсіндім», – дейді ғалым.

Қазақстан эстрадасының зерттелуі

Лиора Айзенбергтің диссертациясының маңызды бөлігі қазақстандық вокалды-аспаптық ансамбльдерге арналған.

«Мені ерекше қызықтырған ансамбльдер – «Дос-Мұқасан», «Арай» және «A’Studio». Соңғы бөлімде Байғали Серкебаев негізін қалаған «A’Studio» тобының шығармашылық жолын қарастырамын. Ал диссертациямның түйінін Батырхан Шүкеновтің «Джулия» әнімен аяқтаймын», – деп бөлісті зерттеуші.

Ғалымның айтуынша, Қазақстан эстрадасының тарихында тың деректер көп. Ол архивтерден «Дос-Мұқасан» ансамблінің 1970 жылдары АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласына сапары туралы материалдарды тапқан.

«Бұл – өте маңызды оқиға, өйткені «Дос-Мұқасан» – АҚШ-қа барған алғашқы кеңестік ансамбльдердің бірі. Сол сапарға байланысты жазылған естеліктер мен үшін аса қызықты болды», – дейді ол.

Оның айтуынша, бұл топ халықаралық сахнада өнер көрсетіп, Қазақстанның мәдениетін әлемге танытқан. Сол кездегі шетелдік басылымдар «Дос-Мұқасанның» ұлттық нақыштағы музыкасы мен орындау шеберлігін ерекше бағалаған.

«Музыка тек өнер ғана емес, ол – тарихи естелік. «Дос-Мұқасан» Жаңа Орлеанда өнер көрсеткен кезде, олардың әрбір әуені қазақ мәдениетін таныстырудың символына айналды. Осыдан-ақ музыканттардың өз уақытында қандай үлкен рөл атқарғанын көруге болады», – дейді зерттеуші.

Докторлық диссертация және болашақ жоспарлар

Гарвард университетінде диссертацияның көлеміне қатаң талаптар жоқ, бастысы – зерттеу терең әрі мазмұнды болуы керек.

«Бізге зерттеу жұмысын аяқтауға алты жыл беріледі. Мен қазірдің өзінде 260 бет жаздым, ал жалпы көлемі 400 бетке жуық болады деп ойлаймын. Бұл еңбекті тек мамандар үшін ғана емес, жалпы оқырманға да түсінікті әрі қолжетімді ету маңызды. Диссертация негізінде монография жазып, оны кейін жарияламақпын», – дейді ол.

Зерттеуші 2027 жылы диссертациясын қорғауды жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты – тарих профессоры атанып, Қазақстан мен Орталық Азиядағы музыкалық дәстүрлерді одан әрі зерттеу.

«Бұл менің өмірлік арманым», – дейді ол.

Серіктес жаңалықтары