Қатонқарағай мен Зайсанда президент тапсырған әуежайды қай компания салатыны анықталды
Әуежай құрылысы 2026 жылға дейін аяқталуы тиіс

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай мен Зайсан аудандарында салынатын әуежайларды «ҚазАэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны тұрғызады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.
Қазір екі әуежайдың құрылысын бастауға дайындық жүріп жатыр. Әуежайлар Зайсан мен Катонқарағай аудандарында бой көтермек.
«Жобалау мен құрылыс жұмыстарын «ҚазАэронавигация» жүргізеді. Әуежайлар 2026 жылға дейін толық салынып бітуі тиіс. Алғашқы кезеңде ұзындығы 2200 метр, ені 35 метр жасанды ұшу-қону жолағы салынады. Бұл Q400, ATR 42/72, CRJ200 ұшақтарын қабылдауға мүмкіндік береді», – дейді ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Нұржан Жұмаділов.
Басқарма өкілдерінің хабарлауынша, туристер ағыны көбейсе, ұшу-қону жолағын 45 метрге дейін, ал ұзындығын 2600 метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сол арқылы Airbus A320, Boeing 737 сияқты кең фюзеляжды ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік ашылады.