Орал тұрғыны 18 жастағы ұлының Испаниядағы оқуын төлеуге міндеттелді

Автор: Дәулет Ботагөз

Төлем сомасы 20 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейін азайтылды 

Фото: © istockphoto.com

Орал қаласының тұрғыны Испанияда оқып жатқан ұлының оқуын төлеуден бас тартпақ болғанымен, сот оны төлемдерді өтеуге міндеттеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» порталына сілтеме жасап.

«2022 жылы Орал тұрғыны жергілікті сотта жеке сот орындаушысымен келісімге келіп, 18 жастағы ұлының Еуропадағы оқуын және өмір сүру шығындарын төлеуге міндеттелген. Жалпы сома 4 жылға 20 миллион теңгені құраған», — деп жазады басылым.

Кейін әкесі бұл шешімге қарсы шығып, сотқа жүгініп, төлем жасаудан бас тартуға тырысты. Әу баста сот оның талабын қанағаттандырған еді, себебі ұлының шетелде оқитынын дәлелдейтін құжаттар ұсынылмаған болатын.

«Алайда, апелляциялық сот әкесінің бұрын өз еркімен келісімге қол қойғанын және төлем жасауға міндетті екенін анықтады. Сонымен қатар істі қарау барысында төлем сомасы 20 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейін азайтылды (2023–2024 оқу жылына арналған)», — делінген материалда.

Кейінірек сотқа ұлының шетелде оқитынын дәлелдейтін құжаттар ұсынылды: Мадридтегі Еуропа университетінен 2023–2024 оқу жылына дене шынықтыру және спорт факультетіне қабылданғаны туралы хат; Испанияға келгенін растайтын төлқұжат пен билеттер көшірмелері; Оқу төлемдерін растайтын құжаттар.

Ұлы 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Мадридте оқып жатқанын және университет студенті екенін растады. Сонымен қатар Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оның Испаниядағы консулдық есепке тұрғанын растады. Осы дәлелдер негізінде сот әкесінің шағымын қабылдамай, оны ұлының оқу ақысын төлеуге міндеттеді.