Сұлулығымен көпті сүйсінткен боксшы Ангелина Лукас қарсыласын нокаутпен жеңді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол он екінші кездесуінде жеңіске жетті

Фото: Instagram/angelina_lukas1997

Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас Мәскеуде өткен IBA Night of Champions турнирінде қарсыласын сенімді түрде жеңді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Sports.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Лукас рингте осы уақытқа дейін жеңіліп көрмеген нигериялық боксшы Айисат Ориомимен кездесті. Жеңіл салмақтағы жекпе-жек әрқайсысы екі минуттан сегіз раундқа жоспарланған болатын. Бірақ кездесу уақытынан ерте аяқталды. Нигериялық боксшы төртінші раунд басталар алдын жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

Осылайша, Ангелина Лукас кәсіпқой карьерасында он екінші жеңісін тіркесе, қарсыласы алғаш рет жеңіліске ұшырады.

Boxrec.com сайтының хабарлауынша, қазақстандық боксшы жақын арада тағы екі жекпе-жек өткізеді деп күтілуде – оның бірі ақпан айының басында Түркияда өтеді. Әзірге қарсыластарының есімдері әлі анықталған жоқ.