Ақпаннан бастап қорда ауыс-түйіс
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің шешімімен 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап «Қазақстан халқына» басшысы лауазымына қоғам қайраткері, қайырымдылық және Қазақстандағы ҮЕҰ-ның институционалдық дамуы мен әлеуметтік жобаларды басқару саласындағы сарапшы Ләзат Шыңғысбаева сайланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол бұған дейін «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып, мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Атамекен» ҰКП құрметті қызметкері» медалімен марапатталған.
Сондай-ақ, Қамқоршылық кеңес қор қызметкерлері София Айсағалиеваны басқарма төрағасының орынбасары, Серікбек Елшібековті «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма мүшесі етіп сайлады.
«Басшылықтың ауысқанына қарамастан, қор жұмысын қалыпты тәртіпте жалғастырады. Қордың Қамқоршылық кеңесінің пікірінше, басшылықтың ауысуы – бұл жаңа тарау, ол қайырымдылық қызметті дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады», - делінген қор хабарламасында.
Ал «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорын үш жыл бойы басқарған Болат Жәмішев қызметінен кетті.
Ол бұл қызметке 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған болатын. Басқарма төрағасы болып сайланған өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Болат Жәмішев Қордағы жұмысын аяқтау туралы шешім қабылдады.