Алматыда көкек-ана сәбиін орап, көпқабатты үйдің кіреберісіне тастап кеткен
Оқиға түскі уақытта Чернышевский көшесіндегі үйлердің бірінде болды

Алматыда көкек-ана жаңа туған сәбиін орап, көпқабатты үйдің кіреберісіне тастап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
КТК телеарнасының мәліметінше, тасбауыр ана жаңа туған сәбиін екіқабатты үйдің кіреберісіне тастап кеткен.
Жерде шырылдап жатқан шақалақты көрген тұрғындар абдырап қалған. Дүние есігін енді ашқан қыз баланы тұрғындар түскі уақытта байқапты. Бөбекті үйдің екінші қабатына тастап кеткен. Жылап жатқан сәбиді тұрғындар дереу жылы жерге кіргізіп, жедел жәрдем мен полицияға хабар берген.
Қазір нәресте ауруханада жатыр. Ал бейкүнә баласынан бас тартып, қараусыз тастап кеткен көкек-ана іздестіріліп жатыр.
«Жаңа туған қызды Чернышевский көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындары тауып алды. Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сәбидің анасының жеке басын және істің мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр», - дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.