Оқиға кешкі уақытта болған
Үшаралда көлігін 11 млн теңгеге сатқан жігіт басқа көлігімен келе жатып, ұрыға тап болып, бар ақшасынан айырылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жетісу облыстық ПД мәліметінше, оқиға 11 қаңтар күні болған. Көлігін сатқаннан кейін ер адам ақшасын пакетке салып, оны «Мерседес» маркалы автокөлігінің жүксалғышына қойған. Сол күні кешке танысымен кездесуге мейрамханаға барған. Мейрамханадан шыққан соң жүксалғыштағы ақшаны тексермек болады. Жүксалғышты ашқан кезде, бірнеше купюра жерге шашылып, жақын маңда тұрған жастардың назарын аудартқан.
Жастардың «Бұл ақша ма?» деп сұрағанда, ер адам күдіктенбестен, «иә» деп жауап берген. Екінші жас жігіт такси таба алмай жүргенін айтып, оларды мейрамханалардың біріне жеткізіп салуын өтінген. Ер адам жаман ойсыз келісіп, жастарды көлігіне отырғызған.
«Жолда автокөлікті тексеру үшін жол қозғалысының алдын алу шаралары аясында рейдтік іс-шара жүргізіп жатқан патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатады. Ер адам полицейлерге шығып, оның артынан жолаушылардың бірі де көліктен түседі. Тексеру шамамен 10 минутқа созылып, көлікке қайта оралғанда, екінші жолаушының жоғалып кеткенін және ақшасы бар пакеттің де жүксалғышта жоқ екенін байқаған.
Ер адам дереу Алакөл ауданының полиция бөліміне арызданған. Полицейлер жедел әрекет етіп, іздестіру іс-шараларын ұйымдастырды. Көп ұзамай күдікті ізін суытпай ұсталды. Ол 24 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Қазіргі уақытта бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, күдікті қамауға алынды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», - делінген облыстық ПД хабарламасында.