Қазақстан Үндістанда өткен халықаралық жиында сайлау тәсілдерін ұсынды
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Үндістанда баяндама жасады
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған делегация Нью-Дели қаласында Үндістанның сайлау комиссиясы және Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығы (А-WEB) бірлесіп ұйымдастырған «2024 – Жаһандық сайлау жылы: демократиялық кеңістіктерді растау» халықаралық конференциясына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл конференция сайлау органдарының, халықаралық ұйымдардың өкілдерін және 60-тан астам елден келген сарапшының басын қосып, негізгі сайлау трендтері мен сын-қатерлерін талқылады.
2024 жылдың қорытындысына арналған бірінші сессияда ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров «2024 жылғы сайлау трендтері: қазақстандық кейс» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстанның негізгі іс-шараларына тоқталды:
- 2024 жылғы референдум негізгі шешімдерді қабылдауға қоғамның қатысуын нығайта отырып, халықтық билік қағидаттарын іске асырудың жарқын үлгісі болды.
- Ауылдық және аудандық әкімдерді сайлауға көшу жергілікті өзін-өзі басқару мен саяси реформаларды дамытудың жаңа кезеңін білдіреді.
- Халықаралық ынтымақтастық Қазақстанның жаһандық сайлау процесінің белсенді қатысушысы ретіндегі өсіп келе жатқан рөлін көрсетіп, кеңеюін жалғастыруда.
Нұрлан Әбдіров бұл бастамалар демократиялық институттарды нығайтуға ықпал етіп қана қоймай, азаматтардың сайлау институтына деген сенімін арттыратынын атап өтті, бұл мемлекеттің тұрақты дамуы үшін өте маңызды.
Сонымен қатар, ҚР ОСК Төрағасы қазіргі уақытта басқа елдермен ынтымақтастық географиясы кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Ал 2024 жыл тарихпен, тәжірибемен, заманауи электоралдық технологиялармен тікелей танысуға мүмкіндік беретін жыл болды.
«Біз үшін ынтымақтастықтың жаңа бағыты Еуропа Одағы, Оңтүстік және Шығыс Азия елдері мен Америка Құрама Штаттары болды. Басқа елдердің әріптестерінің шақыруы бойынша Қазақстан ОСК өкілдері алғаш рет Аустрия, Венгрия, Үндістан, Оңтүстік Корея және АҚШ елдеріндегі сайлауды халықаралық байқауға қатысты.
Тұтастай алғанда, халықаралық байқауға қатысу бізге Қазақстанда екі негізгі міндетті шешуге мүмкіндік береді.
Бірінші, басқа елдердің тәжірибесін, олардың сайлау жүйелерін зерттеу, бұл біздің әртүрлі электоралдық процестер мен инфрақұрылым туралы түсінігімізді жақсартатыны сөзсіз.
Екінші міндет – біздің елдегі сайлау процестеріне зерделенгенді қабылдау және түсіндіру призмасы арқылы объективті түрде сырт көзбен қарау», - деп атап өтті ҚР ОСК төрағасы.
Конференцияда сайлаудың болашағы мен сайлау процесін цифрландыруға байланысты жаһандық сын-қатерлерге ерекше назар аударылды. Этикалық нормаларды сақтай отырып, деректерді талдау және болжау үшін жасанды интеллекті тиімді пайдалану талқыланған мәселелердің бірі болды.