Президент елде атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлер қарастыру керек дейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында энергия тапшылығын айтып, үкіметке тапсырмалар легін жүктеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет», - деді Тоқаев.
Президент Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде оған ұсыныс беруі керегін айтты.
«Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды.Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық», - деді ол.