Бірде-бір қазақстандық авиакомпания жүк тасымалдау нарығында жұмыс істемейді – Тоқаев
Мемлекет басшысы өз сөзінде ел аумағында халықаралық әуе хабын құру мәселесін тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әуемен жүк тасымалдау нарығының пайдасы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ел аумағында халықаралық әуе хабын құру мәселесін тапсырды.
«Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет.
Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсімін жеңілдетіп, авиаотынға қолжетімді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті. Өйткені біздің әуежайлардағы, атап айтқанда, Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат. Үкімет Бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жартыжылдықта орындауы керек», - дейді президент.
Мемлекет басшысы сөзін жалғай отырып, әуемен жүк тасымалдау нарығындағы табыс туралы қозғап өтті.
«Қазір әлемде әуемен жүк тасымалдау нарығы 140 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл – орасан зор мүмкіндік. Алайда бірде-бір қазақстандық авиакомпания аталған салада толық жұмыс істемейді», - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.