$ 519.28  540.05  5.31
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Тоқмейілсуге негіз жоқ»: Тоқаев Үкіметке тапсырма берді

Мемлекет басшысы Инвестиция штабы құрылғаннан кейінгі оң өзгерістер туралы айтты

«Тоқмейілсуге негіз жоқ»: Тоқаев Үкіметке тапсырма берді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыруға қатысты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент өз сөзінде инвестиция тарту бойынша тиісті тапсырмаларын айтты.

«Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек.

Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ», - деді президент.

Мемлекет басшысы сөз арасында Инвестиция штабы құрылғанын тілге тиек етті.

«Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту.

Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек.

Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал», - деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары