Үкімет басшысы қай салаларға қаражат жеткілікті көлемде бөлінбейтінін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкімет отырысы өтіп жатыр. Жиында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның дамуына жұмсалатын қаржы туралы қозғап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысының айтуынша, дамыған елдерде бюджеттің 25 пайызы дамуға жұмсалады.
«Бізде «даму бюджетінің» көлемі жеткіліксіз. Дамыған елдерде ол барлық мемлекеттік шығыстардың 25%-на жетеді. Ал бізде – 8%. Яғни, 26 трлн теңгеге жуық республикалық бюджеттің небәрі 2 трлн теңгесі ғана дамуға жұмсалады. Қалғанының барлығы – ауқымды бөлігін әлеуметтік шығыстар құрайтын ағымдағы бюджет», - дейді Бектенов.
Ол сөзін жалғай отырып, жеткілікті көлемде қаражат бөлінбейтін салаларды тілге тиек етті.
«Экономикалық дамудың негізі болып саналатын электр және жылу энергетикасы, су шаруашылығы, газ тасымалдау жүйелері, жол, инженерлік желілер мен инфрақұрылым салаларына жеткілікті қаражат бөлінбей келеді.
Даму институттары да қаржыландырумен толық қамтамасыз етілмей отыр.
Мұндай жағдайда өсімнің жоғары қарқынын тұрақты қамтамасыз ету өте қиын», - деді үкімет басшысы.