Аталған өнімнен май, мал азығын, тыңайтқыштар және талшық алуға болады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкімет отырысы өтіп жатыр. Жиында премьер-министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысының айтуынша ауыл шаруашылығы саласында бірнеше зауыт ашылады.
«Қостанай облысында бидайды қайта өңдеу жобасы іске асырылып жатыр. Жалпы құны 132 млн доллар болатын зауыт крахмал өнімдері мен биоэтанол шығарады.
Сол сияқты биыл Түркістан облысында жобалық қуаты 150 мың тоннаны құрайтын жүгері өңдеу зауыты ашылады.
Астанада өндірістік қуаты 320 мың тоннаға жететін крахмал, глютен және жеміс шырынын терең өңдеуге арналған бидай мен бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауытын салу жобасы басталды», - дейді премьер-министр.
Ол сөзін жалғай отырып, қарасора өңдеу жобаларына қызығушылық білдіріп отырған инвесторлар бар екенін тілге тиек етті.
«Биыл Солтүстік Қазақстан облысында тәулігіне 1200 тонна күнбағыс өңдейтін зауыт іске қосылады.
Бірқатар инвестор өнеркәсіптік қарасора өңдеу жобаларына қызығушылық білдіріп отыр. Бірнеше компанияға жасанды жағдайда қарасора өсіруге лицензия берілді. Аталған өнімнен май, мал азығын, тыңайтқыштар және талшық алуға болады», - дейді Олжас Бектенов.